Алматыда хореографиялық оқу орындарының ІІІ халықаралық байқауы өз мәресіне жетті

АЛМАТЫ. 30 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда А.В. Селезнев атындағы  хореография училищесінде Қазақстанның  хореографиялық білімінің дамуына зор үлес қосқан, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қарлығаш Мырзаханованы (1956-2011) еске алу

құрметіне арналған жас балет әртістерінің ІІІ халықаралық «Өрлеу» байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздары анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, «Өрлеу» байқауы  ҚР Тұңғыш Президентінің қоры мен А.В. Селезнев атындағы  хореография училищесінің ұйымдастыруымен және қала әкімдігінің қолдауымен 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Шараның мақсаты -  ұлттық хореография саласының білімін, өнері мен мәдениетінің дәрежесін көтеру, классикалық, халық және заманауи билердің орындаушылық шеберліктерін жетілдіру, халықаралық шығармашылық ынтымақтастықты  дамыту болып табылады.

Осымен үшінші рет өткізілген би байқауына Қазақстан, Ресей, Қырғызстан,  Өзбекстан және Түрік  елінің  хореография училищелерінен келген 100-ден аса оқушылары қатысты. Олар үш күн бойы классикалық, халықтық-сахналық би түрлері бойынша сынға түсті. Байқауға қатысушы бишілердің өнерлерін  әлемдік балеттің атақты қайраткерлері, биші, балетмейстерлері, хореографиялық оқу мекемелерінің педагог-хореографтары бағалады.

Классикалық би түрі бойынша  Бас жүлде - Гран-приді қазақстандық жас балет бишілері - Әсия Диқамбаева мен Бауыржан Боранбаев (үлкен топ) жеңіп алды. Бірінші орынды - Әнель Есқалиева,  Бостан  Қожабеков (Қазақстан) пен   Арутюн Аракелян (Ресей), екінші орынды да қазақстандық  Екатерина Волкова мен Архат Әшірбек, үшінші орынға - ресейлік Канна Кицунаи мен өзбекстандық  Радион Исянов және  қазақстандық Ғазиз Рысқұлов ие болды.  Ортаңғы топ бойынша  І орынды - қазақстандық  Диана Батырова  мен Айдар Тоқтар жеңіп алса, кіші топ бойынша алдыңғы І орындарды  еліміздің жас балет бишілері Кубаныч Шамакеев пен Бақытгүл Испановалар иеленді. 

Ал, халықтық-сахналық би түрінен Гран-приге қазақстандық Айдана Әмірханова лайық деп танылды. Бұл би түрі бойынша І орынды қыздар арасында қазақстандық бишілер Бахытнұр Дүйсембаева мен Халидам Махмутова өзара бөліссе, ұлдар арасында І орынды ресейлік  Николай Мальцев жеңіп алды. Екінші орынды ресейлік бишілер Маргарита Шепелева мен Геннадий Мымрик,  қазақстандық биші Жанболат Ертаев пен  өзбекстандық биші Сарварбек  Маманов иеленді. Ал үшінші орындар өзбекстандық биші  Пари Муллажановаға, қазақстандық бишілер Сергей Сон мен  Владимир Петриге бұйырды.

Марапаттау рәсімінде әділ-қазылар алқасының төрағасы- ҚР халық әртісі Болат Аюханов жылдан-жылға өнерлі бишілердің санымен қатар, кәсіби шеберліктерінің  артып келе жатқандығын атап өтті.

Байқаудың жабылу рәсімі ең үздік жас балет әртістерінің үздік нөмірлерінен  құралған гала-концертпен аяқталды.