Алматыда I тоқсанда кепілді әлеуметтік пакетпен 4,6 мың бала қамтамасыз етіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2021 жылғы I тоқсанда барлық атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушыларға мемлекеттік инстанцияға жүгінбей АӘК тағайындауға өтініш автоматты түрде ұзартылды. Бұл шара 3,3 мың отбасының 4600-ге жуық адамына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Автоматты түрде ұзарту қолданыстағы карантиндік шаралар кезінде халық арасында коронавирус инфекциясының таралу қаупін азайтуға мүмкіндік берді.

Көмек көрсетуге алғаш рет өтініш білдірген азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы өтініш бере алады. 2021 жылдың басынан бастап алғаш рет АӘК-ке 259 отбасы жүгінді.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын АӘК алушыларға көмек тағайындау 2020 жылдың II, III және IV тоқсандарында Төтеше жағдай режимі мен карантиндік шектеу шараларының қолданылуына байланысты ұзартылған болатын.

Мәселен, 2020 жылдың IV тоқсанында 5,1 мың отбасыға АӘК тағайындау автоматты түрде ұзартылды. АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% -ынан төмен азаматтарға тағайындалады.

Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірлерінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.

Болжам бойынша 2021 жылдың І тоқсанында 4,6 мыңға жуық балаға әлеуметтік топтама берілетін болады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылар ішінен 1 жастан 6 жасқа дейінгі 6,9 мың бала азық-түлік және тұрмыстық химия заттарының жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама алды.

Биыл кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы aleumet.egov.kz әлеуметтік қызметтер порталына толығымен ауыстыру жоспарланып отыр.

АӘК-тен басқа, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға келесі қолдау шаралары көрсетіледі:

- тұрғын үй көмегі (егер бұл шығыстар отбасының жиынтық табысының 5 пайыздық үлесінен асып кетсе, тұрғын үй-коммуналдық шығыстарды төлеуде)

- 20 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек (58 340 тг);

- жеке тұрғын үйдің меншік иесіне жалпы тармақтан үйге дейін газ жабдығын жүргізу және орнату шығындарын өтеуге біржолғы әлеуметтік көмек,

- емтихан сессиясының нәтижелері бойынша «өте жақсы» баға алған көп балалы отбасынан шыққан студенттерге ай сайынғы 10 мың теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек.

Орта білім беру ұйымдарында оқитын 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған МӘК мыналарды қамтиды:

1) мектеп формасының немесе спорт формасының жиынтығы және мектеп-жазу керек-жарақтарының жиынтығы;

2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нормаларға сәйкес оқу жылы кезеңінде оқу орны бойынша (оқу күндерінде) күнделікті бір реттік ыстық тамақ беруді қамтамасыз етеді;

3) қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүру.