Алматыда иесін тапаншамен атып көлігін ұрлап кеткен қылмыскерлер ұсталды
деп хабарлайды қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Маусымның 27-сіне қараған түні Бостандық ауданындағы көпқабатты үй аулаларының бірінде екі қылмыскер «Тойота Лэнд Крузер» көлігінің иесін резеңке оқпен атылатын тапаншамен атып, көлікті ұрлап кеткен.
«Жәбірленуші шабуыл жасағандардың түрін көре алмаған. Тек олардың қара киінгенін айтып берді. Жедел іздестіру шаралары барысында джипті арзан бағаға сатпақ болған жас жігіттер анықталды. Тексеру барысында анықталғандай бұл ұрланған көлік болып шықты» дейді қалалық ІІД-нің жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары, полковник Мұхтар Түсіпов.
Оның айтуынша, арнайы операция нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысының 4 тұрғыны ұсталған. Оның екеуі техникалық қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтін болып шықты. Анықталғандай ұрланған көлікті олар өздерінің көлік жөндеу орталықтарында жасырып келген. Қылмысты жасау да осы екеудің бастамасымен жүзеге асырылған болып шықты. Қалған екеуінің бірі жұмыссыз, біреуі студент. Олар өз қылмыстарын мойындаған. Қазіргі кезде олардың басқа қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
«Бұл көлік жөндеу орталықтары қызметкерлерінің бірінші қылмысы емес. Осыған орай алматылықтар мен қала қонақтарына аса сақ болуды ескертеміз. Көліктерін қараусыз немесе ТЖО қызметкерлеріне беруге болмайтынын айтып өткім келеді. Бұндай қауіпсіздікті көлік жуу орындарында да сақтау қажет. Өйткені бұған дейін көлік жуу орындары жұмысшыларының да көлік ұрлаған фактілері кездесті» дейді М.Түсіпов.