Алматыда ІІ Дүниежүзілік қуыршақ карнавалы өтеді

АСТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат - 23-30 қыркүйек аралығында Алматы қаласында ІІ Дүниежүзілік «Almaty Puppet Carnival 2012» атты қуыршақ карнавалы өтеді.

Бұл туралы қалалық мәдениет басқармасынан хабарлады.

ІІ Дүниежүзілік «Almaty Puppet Carnival 2012» атты қуыршақ карнавалына әлемнің 28 елінен келген қуыршақ өнерінің майталмандары қатысады. Оның аясында 33 спектакль мен апта бойына күн сайын көше қойылымдары ұйымдастырылады. Іс-шараларға  Румыния, Франция, Түркия, Индонезия, Израиль, Ресей, Украина, Литва, АҚШ, Испания, Жапония секілді елдерден келген өнер өкілдері қатыспақшы.

Еске сала кетсек, 2011 жылы Алматыда өткен І Дүниежүзілік қуыршақ карнавалына 18 театрдың өкілдері қатысқан болатын. Театр алаңдарында Берлин (Германия), Камбрилс (Испания), Ереван (Армения) театрлары өнер көрсетсе, «Қылмыс пен жаза» спектаклімен (Санкт-Петербор, Ресей) карнавал жеңімпазы атанған болатын.