Алматыда ІІ Республикалық пәндік олимпиада өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Аталмыш Олимпиада ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен жоғары оқу орындары студенттерінің арасында өтіп отыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шара қазақ тілі және әдебиеті, химия, георафия, тарих, құқық және экономика негіздері, бейнелеу өнері және сызу, бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі сияқты сегіз мамандық бойынша өтуде. Оған 300-ге жуық студент пен Алматы, Астана, Ақтөбе, Семей, Тараз, Көкшетау, Қызылорда, Қарағанды қалаларының жетекші жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысуда.

ҚазҰПУ-нің ректоры Серік Пірәлиевтың айтуынша, Елбасы биылғы Жолдауында ой-санасы жоғары, білімі терең, интеллектуалды мамандар дайындау ел алдындағы өзекті тапсырманың бірі екендігін атап өткен. «Студенттер арасында өтетін Республикалық пәндік олимпиада жастар білімінің қаншалықты терең екендігін айқындайтын болады. Осындай шаралар арқылы Президенттің Жолдауын іске асыруға өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймын», деп атап өтті ректор.

ҚР ҰҒА академигі, ҚазҰПУ-нің профессоры Әлия Бейсенованың айтуынша, білімді де білгір жастарды дайындау, мектеп, білім ошақтарынан басталады. «Олимпиаданы өткізу арқылы қазақстандық студенттердің бар қабілетін ашып, еліміздің интеллектуалды, өндірісті және экономикалық дамуында жастардың да өз үлестерін қоса алатындығын дәлелдегіміз келеді», дейді Ә.Бейсенова.

Олимпиада наурыздың 27-не дейін жалғасады.