Алматыда ІІД ғимараты алдынан фронт-офистер ашылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы ІІД ғимараты алдындағы қоршаулар сүріліп, фронт-офистер ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлық аудандық ішкі істер басқармасының алдындағы қасбеттік қоршаулар түгел алынады. Бұл халықпен жұмысты жақсарту мақсатында қоғамдық кеңестің ұсынысымен жасалып отыр. 

Қоршаулардың орнына ыңғайлы, әйнектен жасалған кеңес беретін кеңселер орналасады. 

«Қазір Алматы ІІД территориясында бақылау-өткізу режімі жұмыс істеп тұр. Бұл террористік шабуылдарға ұрымтал нысандар үшін арнайы нұсқаулықпен жасалған. Бірақ азаматтардан осындай қоршауларды алу туралы жиі естиміз. Адамдар кейде көп күтіп қалады. Сондықтан, қоғамдық кеңестің нұсқаулығымен бақылау-өткізу форматын киенттерге ыңғайлы етуді жөн санадық. Жақын арада үлкен қоршауларды бұзып, құқық қорғау қызметтерін көрсететін фронт-офистер ашуды жоспарлап отырмыз. Әкімдік бізді бұл мақсатта қолдап отыр», - деді қалалық ІІД басшысының орынбасары Ізбасар Бектұров. 

Оның айтуынша, фронт-офисте заманауи ресепшн пункттері орнатылады. Ол жерден келушілер ақыл-кеңес алады. Сонымен қатар, адамдар құқық қорғаушыларға өтініш, арыз қалдыра алады. Егер азаматтарда кезекші полицейге шағым пайда болса, жеке қауіпсіздік басқармасына хабарласуына болады. 

ІІД басшысының орынбасары айтқандай, жаңа форматқа өту біраз уақытты алмақ. 

«Жобалық-сметалық құжаттама әзірленуі тиіс. Арнайы сараптама тағайындалады. Бұл жұмыстар біршама уақытты талап ететіні сөзсіз», - деді Бектұров. 

Айта кету керек, осы аптадан бастап Қоғамдық кеңестің нұсқаулығымен Алматыда 102 қызметі операторларының саны екі есеге артпақ.