Фестиваль бағдарламасына театр репертуарындағы аса танымал екі опера енді. Бұл - Джакома Пуччинидің «Богема» мен «Тұрандот ханшайым» опералары. Сондай-ақ балет әлемі Петр Чайковскийдің «Аққу көлі» және Борис Эйфманның «Анна Каренина» балеттерін ұсынбақ.
20 маусымнан бастап бес күн қатарынан театр сахнасында қазақстандық артистермен қатар алматылықтар мен Алматы қонақтары үшін әлемдік опера және балет жұлдыздары: Марко Балдери (Италия), Ковент-Гарден Ұлыбритания театрының прима-балеринасы Роберта Маркес Барбоса (Ұлыбритания), Ағылшын ұлттық балетінің премьері- Арионель Пегуэро Варгаc (Ұлыбритания), тенор - Антонино Интеризано (Италия), сопрано - Кристина Пиперно (Италия), тенор - Вон Йонг Ли (Оңтүстік Корея), сопрано - Йонг Ми Ким (Оңтүстік Корея) өнер көрсетпек.
Фестивальге шетелдік қонақтармен қатар қазақстандық опера және балет жұлдыздары: ҚР Халық артисі, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Нұржамал Үсенбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері: Жамиля Баспақова, Сәуле Рахмедова, Болат Жомартов, Бейімбет Кожабаев, опера әншілері: Андрей Трегубенко, Серік Ауқатов және басқалар, сонымен қатар балеттің жетекші орындаушылары: Айнұр Әбілғазина, Жанель Түкеева, Фархад Буриев, Даурен Жеңіс пен Нұрлан Коноқбаевтар қатысады.
«Алматы - бүгінде өнер мен мәдениеттің, білім мен ғылымның өркениетті орталығына айналды. Талғамы биік көрермендері, жаңа заманға лайықты көрнекті ғимараттары бар әсем қаламызда халықаралық деңгейдегі театр фестивалдары мен кино, музыка, өнер конкурстарының жиі өтетіні заңдылық, - деді құттықтау сөзінде қала әкімі Ахметжан Есімов өз сөзінде. - Классикалық опера мен балеттің әлемдік жұлдыздары отандық театр артистерімен бірге қазақ сахнасында өнер көрсететінін мақтаныш тұтамыз».
«Халықаралық опера және балет өнерінің фестивалі жыл сайын өз көрермендерін тосын сыйлармен таңқалдырып келеді. Өнерсүйер қауымның дәстүрлі мерекені асыға күтетінінің мәні де осында деп білем. Фестивальдің қазақстандық жас орындаушылардың шығармашылық тұрғыдан одан әрі өсіп, опера және балет өнерінің қалың қауым арасында насихатталуына сеп болуы да атап өтуге тұрарлық, маңызды жайт», - деді Қазкоммерцбанктің басқарма төрайымы Нина Жүсіпова.