Алматыда Ілия Жақановтың «Дүние, шіркін...» кітабының тұсаукесері өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде белгілі түркітанушы ғалым Мырзатай Жолдасбековтің «Дүние, шіркін...» әдеби-сазды кеші барысында белгілі композитор Ілия Жақановтың «Дүние, шіркін...» кітабының тұсаукесері өтті.

Әдеби-сазды кешке ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Ілия Жақанов, Алтынбек Қоразбаев, Жүрсін Ерман, Ермұрат Үсенов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов, белгілі өнер майталмандары Бекжан Тұрыс, Гүлмира Сарина, Ардақ Балажанова, Жанғали Жүзбаев, Гүлзира Бөкейханқызы, Қорқыт ата атындағы ҒЗИ директорының орынбасары, PhD докторы Нұрболат Бөгенбаев және Қыздар университетінің ғылыми-педагогикалық құрамы мен студенттері қатысты.

Бұл эссе-элегиялық кітап Алаш ардақтыларының аты мен шығармашылығын, мемлекеттік қызметін ақтауға, қоғамдық сананың жаңғыруына, еліміздің ғылымы мен білімінің дамуына, әдебиеті мен тілінің, мәдениеті мен өнерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Мырзатай Жолдасбековтің композиторлық-импровизаторлық шығармашылығы туралы суреттейді.

Оқу орнының ректоры Динар Нөкетаева қайраткер тұлғаның ұлт руханиятына, қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін жеткізді. Сондай-ақ, ел тәуелсіздігінің нығаюына атсалысып келе жатқан тұлғаларға үлкен істің тұсауын Қыздар университетінде кескендіктеріне зор ризашылығын білдіріп, сексеннің сеңгіріне шыққан кітаптың авторы Ілия Жақановтың иығына құндыз шапан жапты.

«Академиялық ұтқырлық бойынша отандық және шетелдік ғалымдар оқу ордамызға келіп, дәріс оқиды. Қазақ әдебиетінің білгірі, ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ағамыз осы бағдарлама бойынша дәріс оқу жөніндегі ұсынысымызды қабыл алып, екі күннен бері Қыздар университетінің студенттері, филология, өнер мамандықтарының тәлімгерлері тамаша сабақ тыңдап жатыр. Бүгінгі әдеби-сазды кеште қазақтың танымал перзенті Ілия Жақанов ағамыздың «Дүние, шіркін..» атты кітабының тұсауы кесіліп, көпшілікке таныстырылды. Жаңа туынды құтты болсын! Болашақ ұрпақ іздеп оқитын, білім шөлін қандыратын кітапқа айналсын!» деді Қыздар университетінің ректоры Динар Нөкетаева.

«Міне, Алматыдан алыстап, Атырауда батыс өнерін зерттеп, шығармашылықпен айналысып жатқаныма он алты жыл болды. Тұрлаусыз мына өмірде арзан, даңғара шоулардың көбейген шағында өте құнды дүниеге шөліркеп жүргенде Атырауда «МұзАрт» тобының концерті өтті. Сол концертте Мырзекеңнің «Дүние, шіркін...» әні орындалды. Әнді тыңдап отырып керемет күй кештім. Мазмұнды, мағыналы, ғажап әннен тебіреніп қайттым. Музыкаға келгенде өте кірпияз адаммын. Талғаммен қараймын. Бірақ, «Дүние, шіркін...» әнінің философиялық бітімі, оның қиялдығы алысқа ұзататын тереңдігі өзгеше құбылыс. Міне, содан соң Мырзатай Жолдасбековтің шығармашылығына арнап кітап жазуды жөн көрдім», деді Ілия Жақанов.

Белгілі сазгер әдемі естеліктерімен бөлісе келе, бірнеше әнін шырқап берді. Жазушы-композитор Қыздар университетіне 80 әнінің мәтіні мен нотасы жарық көрген кітабын тарту етті.

Әдеби сазды кеште Бекжан Тұрыс, Гүлмира Сарина, Ардақ Балажанова, Жанғали Жүзбаев, Гүлзира Бөкейханқызы секілді өнер майталмандары Мырзатай Жолдасбековтің «Дүние, шіркін», «Әй, угәй, армандамын Жаратқанға», «Бәйтерек», «Қыз дәурен Ақбота» секілді әндері мен «Толғау» және «Қосбасар» күйлерін орындап, жиналған қауымға қазақ дәстүрлі өнерінің құдіретін сездірді.