18:51, 20 Мамыр 2009
Алматыда «Иман, Ислам - өнерім, өмірім» деп аталатын діни ән кеші өтеді
АЛМАТЫ. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда мамырдың 21-і күні «Иман, Ислам - өнерім, өмірім» деп аталатын рухани ән кеші өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оны Қазақстан қажылар қауымдастығы ұйымдастырып отыр. «Бұл Қазақстан өнерпаздарының қатысуымен иман, ислам туралы өтетін алғашқы діни әндер кеші. Оған Ескендір Хасанғалиев, Марат Омаров, Майра Ілиясова, Сәкен Қалымов, Жайлау Жарқынұлы, Шаба және «Нұрмұқасан», «Жігіттер», «Kz» сияқты өзге де өнерпаздар қатысады. Онда 25-тей діни тақырыптағы әндер, хадистер орындалады. Сондай-ақ кештің бас кезінде көрермендер жиналғанша Отан, иман, ана, ата, туралы деректі фильм көрсетіледі», дейді қауымдастық төрағасының орынбасары Ақжол Мейірбеков. Қауымдастықтың мәдениет және дін департаментіне жетекшілік жасайтын әншінің айтуынша, бұл шара кейін республиканың өзге қалаларында жалғаспақ. Олар бұған дейін 2007, 2008 жылдары «Отанды сүю - иманнан» деп аталатын патриоттық әндер кешін ұйымдастырған болатын. Енді бұл шараны Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасымен бірігіп мамырдың 28-30 күндері Түркістанда өткізбек.