Алматыда индустрияландыру картасы бойынша 28 жоба жүзеге асырылуда

None
     АЛМАТЫ. 27 маусым. ҚазАқпарат - Алматыда индустрияландыру картасы бойынша 2010 жылы - 4, 2011 жылы - 9 жоба жүзеге асты.

Бұл жайлы қала әкімі Ахметжан Есімов кеше индустрияландыру картасына қатысатын бірқатар өндірістік нысандарды  аралаған кезде айтты.

Алматыда қазір индустрияландыру картасы бойынша 28 индустриялық-инновациялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы сомасы - 485,2 млрд. теңгені құрайды.  Былтыр 171,5 млрд. теңгенің - 9, ал алдыңғы жылы  51,9 млрд. теңгенің  4 жобасы іске асырыла бастады.

«Осы жылдар ішінде біз электрмен тұрақты қамтамасыз ету үшін 20-дан астам шағын станса салдық. Қаланы электрмен қамтамасыз етуді жетілдіру әлі де жалғасуда. Сіздерде өндіріс көлемінің ұлғаюы - бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі», - деді Ахметжан Есімов.

Индустрияландыру картасы  тізімінде бірінші болып «Viva Pharm» компаниясы тұр. 120 адамды жұмыспен қамтамасыз еткен бұл компания жылына вирусқа және аллергияға қарсы  15 млн. таблетка мен 5 млн. данакапсула болатын дәрі шығарады. Сондай-ақ бюджетке салық түрінде 1 млн. теңге қаржы түсіреді. Мемлекеттік қолдауға ие болған «ПВХ+Драйбленд» ЖШС болса жыл сайын 100 мың текше метр труба мен 8,5 мың дана бұйым шығарады. Ағымдағы жылы аталмыш өндіріс орны жыл басынан бері  6 млн. 365 мың теңге салық төледі. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысушы «Алматының көпір конструкциялары заводы» ЖШС  420 млн. теңге салық төледі.  Инфрақұрылымы дамыған бұл кәсіпорында 510 адам жұмыспен қамтамасыз етілген.