Алматыда Индустрияландыру картасына жалпы құны 62,2 млрд теңге болатын 22 жоба енді.
Айта кету керек, бұған дейін екінші бесжылдықтың индустрияландыру картасына жалпы құны 17,6 млрд теңге болатын 7 жоба енген болатын.
«Картаға жасыл дәлізді қамтамасыз ете алатын, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жобалар енуі керек. Бүгін құны 62,6 млрд теңге болатын 22 жаңа жобаны қабылдадық. Енді 2015-2019 жылдардағы картаға 29 жоба еніп отыр. Олардың жалпы құны 80,2 млрд теңге. Жаңа жобалар 4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға көмек береді. Құрылыс кезінде 5 мыңға таяу адам жұмыспен қамтылады. Олардың 9-ына Алатау арнайы экономикалық аймағынан жер телімдерін бөлу туралы шешім шығарылды», - деді Б.Байбек.
Қала басшысының орынбасары Ерлан Әукеновке аталған жобаларды инфрақұрылыммен қамтып, құжаттық мәселелерін шешуді тездету тапсырылды.
«Жерді экспортқа бейімделген жоғары технологиялық өндірушілерге беру керек. Мұндай жобалар бар. Бірақ олар аз», - деді қала әкімі.
Қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық басқарма басшысы Әлфия Балова үйлестіру кеңесіне 22 жоба жайлы баяндап берді.
Оның айтуынша, қабылданған жобалардың 8-і құрылыс өнеркәсібінің субьектілері болса, тамақ өнеркәсібінен - 3, химиялық өнеркәсіптен - 1, машина жасау саласынан 1 жоба мақұлданды.
Сондай-ақ, Алатау арнайы экономикалық аймағынан құрылыс өнеркәсібі бойынша 3 жоба, фармацевтикалық сала бойынша 3 жоба, химиялық өнеркәсіп бойынша 3 жобаға жер телімдері бөлінетін болды.