«Өткен жылы елімізде өнеркәсіп 4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 7 пайызға дамыды. Өңдеу өнеркәсібінің мұнай саласын басып озуы жақсы үрдіс. Алматыда мұнай жоқ, негізінен өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес жақсы көрсеткіш көрсетуде», - деді Әсет Орынтайұлы. Министрдің айтуынша, қазір индустрияландырудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы жасалуда. Онда қолданыстағы кәсіпорындарды жаңартуға және бәсекелестік пен еңбек өнімділігіне негізделген жаңа өндірісті құруға басты назар аударылып отыр.
«Біз бүгін қолданыстағы кәсіпорындардың жүктемесін арттыру жайын талқыладық. Дегенмен мемлекеттік жеңілдік бірнеше жылдан кейін аяқталады. Осы кезеңде бизнес өндірісті жаңарту мәселесін шешіп, бәсекеге қабілетті болуы керек. Алматыдағы кеңестік дәуірде салынған кәсіпорындардың энергиялық тиімділігі мен еңбек өнімділігі төмен. Сондықтан жаңада құрылып жатқан индустриялық аймаққа қазіргі заманғы кәсіпорындар ғана кіруі қажет», - дейді Ә.Исекешев.