Алматыда информатика пәнінен халықаралық олимпиада лайықты деңгейде өткізілді - К.Манев
Бүгін ұйымдастырушылар жарысқа қатысушыларды Алматы облысындағы Түрген шатқалына алып барып, онда әсем табиғат аясында арнайы құрылған Қазақ ауылымен таныстырды. Шетелдік қонақтар қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен етене танысты. Осы жерде журналистерге берген сұхбатында информатика пәнінен халықаралық олимпиада президенті Красимир Манев Алматыда кезекті білім олимпиадасының лайықты деңгейде өткізілгендігін мәлім етті. «Олимпиада лайықты деңгейде өткізілді. Мен өте риза болдым. Керемет мәдени шаралар да ұйымдастырылып жатыр. Бұл жарыстың беделін, деңгейін арттыра түседі. Жалпы, әр Олимпиаданың өзіне тән ерекшеліктері болады ғой. Біз үшін ең бастысы - балалардың көптеп жиналғандығы және жарыстың қызықты өтуі. Бұл жағынан Қазақстан тарапынан өте жақсы жағдай жасалды. Әрі үлкен, әрі жарығы мол залда балалар емін-еркін отырып, тапсырмаларды орындады», - деді К.Манев. Сонымен қатар ол олимпиаданы өткізетін елді таңдағанда қабылдаушы елге тиісті талаптар қойылатындығын айтты. «Біріншіден, бұл мемлекеттің осындай халықаралық дәрежедегі шараларды өткізу бойынша тәжірибесі болуы шарт. Сондай-ақ жыл сайын жергілікті олимпиадалар өтіп тұруы керек. Және тағы бір мәселе - бюджет. Соңғы жылдары информатикадан халықаралық олимпиаданы өткізу бюджеті 1,5-2 млн. АҚШ долларын құрайтын болды. Өйткені қатысуға ниет білдіруші мемлекеттер көбейіп жатыр. Алғаш рет 1989 жылы Олимпиада өткізгенде 13-ақ ел қатысқан. Ал қазір 80-нен асады. Бұл жерде әрине, демеушілердің болғаны жақсы. Бірақ бұл да әжептеуір тәуекелділік. Сондықтан Олимпиадаға кететін шығын мемлекеттік бюджеттен бөлінетін болса, бұл бізге үлкен сенімділік сыйлайды», - деді К.Манев.