Алматыда информатика пәнінен Халықаралық олимпиаданың өтуі - үлкен құбылыс - А. Жұмаділдаев

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Информатика - болашақтың ғылымы. Сондықтан, Алматыда информатика пәнінен Халықаралық олимпиаданың өтуі - үлкен құбылыс. Бұл туралы аталмыш шара барысында тілшілерге берген сұхбатында ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, информатика - жастардың ғылымы.

«Біз сияқты шалдар одан ештеңе жасай алмайды. Оны тек жастар ғана дамыта алады, жастар ғана ел игілігіне жарата алады. Өйткені информатика - болашақтың ғылымы. Бүкіл әлем компьютерлік технологияға бет бұрып жатыр. Біз де бұл үдерістен қалыс қалмауымыз керек. Сондықтан, Алматыда информатикадан Халықаралық олимпиаданың өтуі - үлкен құбылыс. Бұл жастарымызға ғылыммен айналысуға үлкен серпін береді», - деді А. Жұмаділдаев.

Сонымен қатар, атақты ғалым ғылым саласында және осындай пәндік олимпиадаларда жетістікке жеткен жас мамандарды лайықты дәрежеде елеп-ескеру керектігін айтты.

«Біздің балалардың халықаралық олимпиадалардан құр қол қайтқан кезі жоқ. Кемінде бір-екі алтын алып қайтады. Біз ешкімнен кем емеспіз. Бірақ оларға лайықты сый-сыйапат көрсету өз деңгейінде емес. Спортта чемпион болсаң, миллионер болып шыға келуге болады. Ресми сыйақыдан басқа, облыс және аудан әкімдеріне дейін құрмет көрсетеді. Ал жастарымыз пәндік олимпиадада жеңімпаз болса, беретініміз көп болса бір мықты компьютер. Енді осы жағын ескеру қажет деп санаймын. Бұл - қоғам алдында тұрған үлкен мәселелердің бірі», - деді А. Жұмаділдаев.