Алматыда «Инновациялық жобаларды экологиялық-экономикалық бағыттау» тақырыбында өңірлік кеңес өтті

/strong>Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы облысында қатты қалдық көметін 513 полигон бар, оларда жылына 562,5 мың тонна қалдық жинақталады. Бұл жайында бүгін өткен «Инновациялық жобаларды экологиялық-экономикалық бағыттау» атты кеңейтілген өңірлік кеңесте айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Сағынбек Мұташевтың айтуынша, Елбасымыздың тапсырмасына орай экологиялық инновацияларды енгізуге, технологиялық кешендер мен экологиялық жабдықтың өндірісі бойынша зауыттарды құруға бағытталған «2010-2014» жылдарға «Жасыл Даму» мемлекеттік бағдарламасы әзірленген. «Бүгінгі күні өндірістік және тұтынған қалдықтарды есепке алу, өңдеу және залалсыздандыруға қатысты кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарының, автокөлік құралдарының пайдаланған қалдықтарын көметін аймақаралық полигонның жоқтығы үлкен мәселе болып отыр», дейді С.Мұташев.

Кеңесте ірі табиғат пайдааланушылардың - табиғат қорғау іс-шараларын және өндірістік экологиялық бақылау бағдарламаларын орындауы, индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламамен іске асырылатын мемлекеттік экологиялық сараптамаларға мониторинг жүргізу, өндірістік қалдықтар және оларды тұтыну жөніндегі мәселелер қызу талқыланды.

Сонымен қатар, кеңес барысында атқарушы органдарға полигондарда экологиялық талаптарға сәйкес қалдықтардың сұрыпталуын, шығарылуын, сақталуы мен залалсыздандырылуын ұйымдастыру, оларды өңдеуге қатысты жауапкершілікті арттыру мәселесі ұсынылды.

Жиынға аумақтық экология департаменттерінің басшылары, ҚР Ұлттық банкі және екінші деңгейдегі банктер филиалдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен ірі табиғат пайдаланушылардық өкілдері қатысып, баяндамалар оқыды.