Алматыда «ИнтерСпорт-2013» көрмесі өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 12 маусым. ҚазАқпарат - «ИнтерСпорт» халықаралық спорт көрмесі енді дәстүрлі шараға айналмақ.

«ҚазЭкспоҚызмет» ЖШС-нің ұйымдастыру бөлімінің бастығы Эльмира Әбішева бүгін көрменің ашылу рәсімінде осылай айтты.

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатқан бұл шараны ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «ҚазЭкспоҚызмет» компаниясы ұйымдастырып отыр. Көрмеге алыс та жақын шет елдерден 40-тан астам компания қатысуда. Олар - «спорттық киімдер»; «спорттық тағамдар»; «жаттығу залдарына арналған құрал-жабдықтар»; «стадион мен алаңдарға арналған жабдықтар»; «спорттық және балаларға арналған ойын алаңдарын жасау» бөлімдері бойынша өз өнімдерін ұсынуда. Э.Әбішеваның айтуынша, қазір демеушілер тарапынан бұл көрмені жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналдырып, оны Алматыда да, Астанада да өткізуге ұсыныс жасалған.

Жалпы мұндай көрмелер елімізде бұрын да ұйымдастырылған болатын. Ол кезде қоғамда спорттық көрменің өзектілігі төмен болғандықтан, 2000 жылдан кейін тоқтап қалған еді. Енді ұзақ үзілістен кейін ол жаңа сипатта қайта жаңғырып отыр.