Алматыда инженерлік желі құрылысын жүргізген компания жауапкершілікке тартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда екінші рет инженерлік желі құрылысында заң бұзған мердігер компанияларға қатаң шара қолданылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімі көлік магистральдарында жұмыс істеп жатқан мердігер компанияларға қатаң талап қойған. Сол талаптардың орындалуын қалалық Қала құрылысы басқармасы тексерді. Тексеру нәтижесінде Төле би көшесінің Н. Тілендиев пен А.Байтұрсынов көшелері аралығындағы учаскесінде инженерлік желілердің реконструкциясы кезінде заң талаптары бұзылғаны анықталды.

«Атап айтқанда, құрылыс жұмыстары жобалық шешімдерге сай жүргізілмеген. Жоба бойынша автожолдардың астына кететін желілер горизонталды бұрғылау арқылы жүргізілуі тиіс болған. Ал шын мәнінде су құбыры, кәріз, электр желісі, газбен қамту желілерінің футляры ашық әдіспен жасалған. Бұл жол қозғалысын қиындатып, кептеліс тудырған», - деді қалалық Қала құрылысы басқармасынан.

Сонымен қатар жер жұмыстарында топырақ қажетті дәрежеге дейін тығыздалмаған. «АГС Пласт» ЖШС мердігерлік компаниясына ҚР ӘқбК 312-бабының 1-бөлімі және 315-бабымен әкімшілік іс қозғалды.