Алматыда ірі банк клиенттеріне шабуыл жасаған азаматтар ұсталды

АЛМАТЫ. 8 маусым. ҚазАқпарат - Алматыда өткен аптада банк клиенттеріне шабуыл жасауға қатысты 3 оқиға тіркелді.  Полиция мәліметтеріне қарағанда қылмыстың бұл түрі көптен бері жиі бой көрсетуде.

Қалалық Ішкі істер департаментінің Қылмыстық  полиция басқармасы бастығының орынбасары Қанат Сарымсақовтың айтуынша, қаскөйлер өте тұрпайы әрі салқынқандылықпен әрекет еткен. Олар банк төңірегін торуылдап, құрбандары жалғыз-жарым көп сомадағы ақша алуға келетін сәтті баққан. Сөз жоқ қылмыскерлер құрбандарының әйел адам болуына назар аударған. Дегенмен жәбірленушілер қатарында ер адамдар да аз емес.

«Арам ниеттің жүзеге асу тәсілі мен айласын жіті зерттей келе біз қылмыстың тапа-тал түсте жасалғанын, қылмыскерлер жәбірленушіні банктен үйіне дейін аңдып, оңтайлы сәтте шабуыл жасағандарын анықтадық. Бір таңданарлығы қылмыскерлер ешқандай суық қару қолданбастан, азаматтарды аяғынан шалып құлатып, қолындағы қапшықтарын қақшып алып, қашып кеткен. Қапелімде ес жиып үлгермеген  жәбірленуші азаматтар оларды  есте сақтай алмаған. Сондықтан дандайсыған қылмыскерлер бет-бейнелерін жасырмай еркін жүрген. Жәбірленгендер бір ауыздан азиялық 20-25 жасар азаматтарды сипаттап берді», - дейді Қ.Сарымсақов.  Оның сөзіне қарағанде, зерттеу кезінде айға жетпейтін уақыт аралығындағы оқиғаларда бір қылмыстық топтың қолтаңбасы бары дәлелденіп, бұл оларды іздеуге серпін береді. Көп ұзамай Жамбыл облысы Меркі ауданынан келген жас шамалары 28-33 жас аралығындағы жігіттер  ұсталды. Еш жерде жұмыс істемейтін олар Алматыдағы Түрксіб ауданында пәтер жалдап тұрып келген. Қылмыстық топтың екі мүшесі қолға түсіп, үшіншісіне іздеу жарияланды.