Алматыда ірі базарлар маңындағы 47 заңсыз сауда орындары анықталып, жабылды

АЛМАТЫ. 1 тамыз. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда заңсыз жұмыс істеп келген 11 дүңгіршек жабылып, санитарлық заңдылықтарды бұзған 6 дүңгіршек анықталды.

Бұл дүңгіршектер 22-28 шілде аралығында қалалық санитарлық- эпидемиологиялық қызмет пен (СЭҚ) аудандық ІІБ, әкімшіліктермен бірлесе отырып жүргізген тексерісі барысында белгілі болған. Бұл туралы қалалық СЭҚ хабарлады.

Тексеріс кезінде өз бетімен сауда жасаған 71 орын анықталып, олардың 61-інің жұмысы тоқтатылды. «Болашақ», «Құлагер», «Жұлдыз», «Тастақ», «Кәрім», «Сары Арқа», «Сәлем» базарлары маңын тексеру кезінде 47 заңсыз сауда орындары анықталып, жабылған.

Тексерістер заңсыз сауда нысандарымен қатар, оларда сатылып жатқан өнімдерге де жүргізілгенін айта кету керек. Тексеріс аясында базарларда сатылып жатқан көкөністерден нитраттардың мөлшерін анықтауға арналған 98 түрлі сынақ алынған. Нәтижесінде Рамстор, Мега, «Дархан» СҮ мен Әуезов ауданындағы заңсыз сауда орындарынан алынған 6 қарбыз, қауын сынамаларындығы нитраттар көлемі 6,1 пайызға артық екендігі анықталды.

Бұның нәтижесінде 250 келі бақша өнімдері сатылымнан алынды.