Алматыда ірі көлемде есірткі тәркіленді

АЛМАТЫ. 3 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы қаласы ІІД баспасөз орталығының мәліметінше, 55-жастағы қала тұрғыны Шу өңірінен әкелінген 100 келіден асатын марихуананы Алматы қаласының «Ақбұлақ» ықшам ауданындағы бос алаңқайға жасырып қойып, саудаға салатын ыңғайлы сәтті күтіп жатқан.

«Бізге келіп түскен жедел ақпаратты мұқият тексеріп, қадағалауға тәжирбелі жедел уәкілдер жұмылдырылған болатын. Алматы қаласын мекен ететін, еш жерде жұмыс істемейтін Игнат есімді бұл азамат осыған дейін де бірнеше рет есірткі қылмысына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы белгілі болды. Қазіргі кезде есірткінің қаламызға жеткізілу арнасы да әшкереленіп, бұл қылмысқа қатысты өзге де азаматтар анықталуда»,-дейді Алматы қаласы ІІД-нің Есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы полиция подполковнигі Денис Лоскутов.

Қолға түскеннен кейін күдікті өз қылмысын толығымен мойындап, өзінің алдағы қылмыстық жоспарларымен де бөліскен. Оның берген мәліметтеріне қарағанда, ол түн жамылып, есірткіні көтерме саудамен тез арада сатып жібермекші болған.

«Қазіргі таңда күдіктіге қатысты ҚР ҚК 259-бабы бойынша есірткі заттарын сақтағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Осылайша біз аса ірі көлемдегі марихуананың таратылуының жолын кестік. Ескерте кететін болсақ, алып шаһар Алматыда есірткіге қарсы күрес барынша күшейтілген. Бұл қылмыспен күресуге ІІД-нің басқа да қызмет түрлерінің қызметкерлері жұмылдырылса, салауатты өмір салтын қолдайтын жастар да атсалысуда. Сондай-ақ Алматы қаласы ІІД-нің тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефондары арқылы тұрғындар тарапынан келіп түсетін түрлі ақпараттар есірткі қылмысының жолын кесуге септігін тигізуде»,-деп атап көрсетті Д.Лоскутов.

Жалпыжыл басынан бері қала полицейлері 313 есірткі қылмысын әшкерелеген. Заңсыз айналымнан 300 келі, оның ішінде 237 келі марихуана, 27 келі гашиш, 12 келі героин, 87 келіден асатын басқа да есірткі заттары тәркіленген.