Алматыда ірі жол апаты болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда Audi A7 автокөлігінің жүргізушісі ірі жол апатын жасағаннан кейін, оқиға орнынан бой тасалады, деп хабарлайды motor.kz.

Достық даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысында бірнеше көлік апаты орын алды. Audi A7-нің жүргізушісі Достық даңғылымен келе жатып, Mercedes-Benz W124 көлігімен түйіскен. Қатты соққыдан Mercedes-Benz W124 жол бойына тұраққа қойылған көліктерге қарай ұшып кетіп, тағы бір Mercedes-ті ұрды. Ал Audi көлігі соққыдан кейін айнала бастап, Lada Granta-ға соғылған,  Lada Granta болса өзімен бірге Daewoo Nexia-ны іліп әкеткен. Апатқа куә болғандардың айтуынша, Audi A7 жүргізушісі көлікті тастап, өзі белгісіз бағытта бой тасалаған.  Жол апаты салдарынан Audi мен Mercedes-Benz жолаушылары зардап шекті.