Алматыда ішкі істер департаменті дәстүрлі ашық есік күнін өткізуде

АЛМАТЫ. Маусымның 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда қалалық ішкі істер басқармасы дәстүрлі ашық есік күнін өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Біздің дәстүрлі бұл шарамыз Қазақстан полициясы күні қарсаңында өткізіліп отыр. Оған түрлі деңгейдегі оқу орындарының студенттері мен құзырлы органдарда тәжірибеден өтіп жатқан жас мамандар шақырылып отыр. Онда ішкі істер органдарының қызмет бабында пайдаланатын техникалары мен құрал жабдықтары көрсетіліп, ішкі істер департаменті мұражайына саяхат жасалып, ардагерлер естеліктер айтады», дейді қалалық ішкі істер департаментінің кадр басқармасының бастығы Мұхтар Әшіров. Ал департамент бастығының орынбасары Ізбасар Бектұровтың айтуынша, соңғы жылдары олардың материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілуі жақсарып келе жатыр. Мәселен соңғы 2 жылдың ішінде ғана 400-ден астам автокөлікке ие болды. «Біз сияқты ішкі істер органдарының ардагерлері үшін мұндай техникаларға қол жеткізу арман болатын. Мен бұрын тергеу бөлімінде істедім. Бізді із кесуші дейтін. «УАЗ» сияқты ескі жүк көліктерімен жүретінбіз. Қазіргі полицейлер оқиға орнына бірден жетіп, қылмысты көп жағдайда ізін суытпай ашып жатыр. Оған кәсіби шеберлік қана емес, олардың қызмет бабында қолданып жүрген заманауи озық техникаларының да көмегі мол», - дейді бұрынғы Ішкі істер вице-министрі, ардагер, генерал Сәлімжан Ахмадин.