Алматыда ислами экономика мәселелерін ғылыми және кәсіби тұрғыда көтеретін портал ашылды

АЛМАТЫ. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Алматыда ислами экономика мен қаржы мәселелерін ғылыми-кәсіби тұрғыда көтеретін www.Al-halal-magazine деп аталатын Қазақстандағы тұңғыш ислами экономикалық портал ашылды.

Интернет-басылымның бас редакторы, Халықаралық заманауи исламдық экономика және қаржы институтының президенті, ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымының докторы  Ораз Баймұратов. Енді олар таяу уақытта мамандандырылған  журнал  шығаруды да жоспарлап отыр. Бірнеше басылымға құрылтайшы болып отырған Халықаралық заманауи исламдық экономика және қаржы институтының басты мақсаты -  Ислам экономикасының моделін  кешенді түрде зерттеу.

 «Елімізде ислами банкинг туралы заң қабылданып, алғашқы ислам банкі ашылғанымен онда әлі де болса шешілмеген мәселе көп. Шынтуайтына келгенде, қоғамда экономиканың ислами моделіне көшуге оң көзқарас қалыптаса қойған жоқ. Басқасын айтпағанда, экономист ғалымдарымыздың өздері ислами экономиканың мән-мақсатын жете түсінбей отыр», - дейді О.Баймұратов.  Оның айтуынша, ислам экономикасының негізі немесе ислам экономикасының моделі сонау ортағасырлық мұсылман дінінің ілімшілері мен құқықтанушыларының әйгілі еңбектерінде қаланған. Ал ислами экономикалық ойлардың қайта жаңғыруы ХХ ғасырдың екінші жартысына сәйкес келеді. 1990-жылдардан бастап бүкіл әлемде исламдық қаржы құралдары сандық және сапалық тұрғыдан өсуде.