Алматыда IV республикалық

АЛМАТЫ. 5 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда тамыздың 16-18 күндері IV республикалық "Қаламгер-Азамат" жас тілшілер форумы өтеді.

"Ел еңсесі - Егемендік" деген тақырыппен өтетін бұл шара биыл Елбасының "Жастарды қолдау және оларға қамқорлық жасау" саясаты аясында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орайластырылып отыр. Оны ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен "Заңғар" шығармашылық бірлестігі ұйымдастыруда.

"Дәстүрлі жас тілшілер форумына республиканың түкпір-түкпірінен 100-ден астам талапкер қатысады. Сондай-ақ Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан және Моңғолиядағы қазақ журналистері құрметті мейман ретінде келеді. Алдағы жылы жас тілшілердің бұл форумы халықаралық деңгейде өтпек", - дейді "Заңғар" шығармашылық бірлестігінің төрағасы Айдар Қырықбай. Жалпы 2008 жылы Алматыда басталып елордада өз жалғасын тапқан бұл шара "Астананың 10 жылдығы", 2010 жыл "Тәуелсіз ұрпақтың 20 жылдығы" деге атпен өткен болатын. А. Қырықбайдың айтуынша, биыл Алматыда өтетін 4-форум жұмысы - Қазақ баспасөзінің дамуы, Телебағдарламалар мен жаңалықтар сюжеттерінің сапасы, Қазақ тіліндегі интернет ресурстарының дамуы деген 3 бағыт бойынша жүреді.