Алматыда Қ. Сәтбаев атындағы универитеттің күні аталып өтті

АЛМАТЫ. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да университет күні және бірінші курстарды студент қатарына қабылдауға арналған мерекелік шара болып өтті.

Бұған «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы басшылары мен қала және аудандық әкімдіктер өкілдері қатысты. Сонымен бірге өнер адамдары мен университеттің оқытушы-профессорлары болды.

«Университетімізде жыл сайын қазанның 20-да университет күні аталып өтіліп, студенттерді қабылдау салтанаты ұйымдастырылып тұрады. Биылғы жылы университетімізге бірінші курсқа 2854 талапкер түсті. Ал жалпы магистрлер санын қоса есептегенде 3600 адам оқуға қабылданып отыр», - деді ҚазҰТУ проректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Сыдықов.

Шара барысында бұрын Қ. Имантайұлының хатшысы болған, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сіләмхан Жұпарханұлы құттықтау сөз сөйлеп, жаңа қабылданып жатқан студенттерге батасын берді. Сонымен бірге, студенттер концерттік бағдарламалар орындап, ұлттық би «Қара жорғаны» биледі.