Алматыда қала тұрғындары мен қонақтары Төлеубек Аралбайдың «Театр әлеміне саяхат» жасады

АЛМАТЫ. Мамырдың 24-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, театр және кино актері, режиссер Төлеубек Аралбайдың 60 жылдық мерейтойына арналған «Театр әлеміне саяхат» деп аталатын бенефисі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл шара әйгілі сахна шебері 35 жыл бойы қызмет жасап келе жатқан Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында болды. Атасының бенефисін немересі Ақбаян Құмарова жүргізді. Онда өнер сүйер қауым актердің театрдағы кейіпкерлерімен жүздесті. Ол Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма» драмасындағы Абай (режиссері Асанәлі Әшімов) мен У. Гаджибековтің «Аршын-мал аланындағы» Сұлтанбекпен (режиссері Тұңғышбай Әл-Тарази) басталып , Ш. Айтматовтың «Ғасырдан ұзақ күніндегі» Едігеге (режиссері Асанәлі Әшімов) ұласты. Оны орындауға театрдағы әріптестері мен шәкірттері көмектесті. Өнер саңлағы Едіге рөлі үшін 1985 жылы Орталық Азия театрларының Тәшкентте өткен І Халықаралық театр фестивалінде «Ер адам рөлін үздік орындағаны үшін» жүлдесін жеңіп алған болатын. Сахнада трагедиялық, комедиялық, драмалық сан түрлі кейіпкерді сомдаған Т.Аралбай кино өнері мен режиссура саласында да өнімді еңбек жасады. Оның дәлелі «Аждаһа жылы», «Шоқан Уәлиханов», «Азиат», «Қыз жылаған», «Мұстафа Шоқай», «Рекэтир» көркем фильмдері және «Тоғысқан тағдырлар», «Саранча» телесериалдарында кейіпкерлері. Сондай-ақ театр сахнасында табысты жүріп жатқан «Сыған серенадасы» (И.Сапарбай) мюзиклі, «Қара кемпір»(Ә.Әмзеев), «Үміт үзгім келмейді» (Н.Келімбетов) драмалары.