Алматыда қалалық сенбілік өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 9 сәуір. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматы қаласының барлық аудандарында сенбілік өтіп жатыр. Оған 200 мыңнан аса адам қатысуда.

Сенбілікке Алматыдағы барлық ЖОО, орта және арнайы оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары, заңды тұлғалар мен коммуналдық қызмет орындары, бюджеттік ұйымдар мен мекемелердің қызметкелері жұмылдырылған.

Сенбілік барысында қала көшелері, аула аумақтары, арықтар мен өзен жағалаулары, ортақ пайдаланыстағы орындар, арық желілері, бос жатқан жерлер мен жасыл алқаптар, су қоймалары мен өзен аңғарларына санитарлық тазарту жұмыстары жүргізіледі. Әкімдіктер сенбілікке қатысушыларға қажетті құрал-саймандарды, қаптар мен жиналған қоқыстарды тиейтін арнайы көліктерді бөлген. Қала бойынша қоқыс шығаратын 300 көлік тартылған. Тазалық жұмыстарының әрбір аймақта аудандық әкімшіліктер өкілдерінің қадағалауымен толыққанды жүргізілуде. Түстен кейін жиналған қоқыстар арнайы техникалар көмегімен қала сыртындағы полигондарға шығарылады.

Шара барысында, қаланың эстетикалық келбетіне де ерекше назар аударылмақ. Яғни, ағаштар ақталып, ғимараттардың сырт жағы, қоршаулар мен тіреулер, орындықтар мен жарнамалық тақтайшалар сырланатын болады.

Алматы әкімшілігі қала тұрғындарын өз аулаларын жинастыруға шығуды сұрайды.