Алматыда қалалық сенбілікке 240 мыңнан астам адам қатысты (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда өткізілген жалпы қалалық сенбілікке 240 мыңнан астам адам қатысты. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Бүгін Алматыда тұрғын үйлердің аулалары мен көшелерді, арықтар желісі мен өзендердің жағалауын, су айдындарын, саябақтар мен қоғамдық орындарды қоқыстар мен жапырақтан тазарту бойынша жалпы қалалық сенбілік өтті», - делінген хабарламада.

«Адем» сауда орталығының алдындағы шағын бақта бастау алған шараға қала әкімі Бауыржан Байбек, зиялы қауым өкілдері, спортшылар, қоғамдық және жастар ұйымдары мен пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері қатысты. Олардың ішінде Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай әл-Тарази, белгілі алпинист Мақсұт Жұмаев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, қоғамдық қайраткер Аружан Сайын және басқа да белгілі тұлғалар болды.

Тазарту және ағаш отырғызу шаралары Алматы қаласының барлық аудандарында жүргізілді. Бұған 240 мыңнан астам адам қатысты. Алматы қаласының әкімдігі сенбілікке қатысушыларды қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етті. Бұл шараға қаланың коммуналдық қызметтері тарапынан 600 арнайы техника жұмылдырылды. Жалпы қалалық сенбілікке қатысушылардың күшімен барлығы 6 250 текшеметр қоқыс қала сыртына шығарылды.

«Қаланың жасыл желегін жаңарту жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Егер бүгін жалпы қалалық енбілік барысында 6 мың ағаш көшеті отырғызылатын болса, биылғы жылдың соңына дейін тағы 20 мың жапырақты және қылқан жапырақты ағаштардың көшеттері отырғызылады», - деді Бауыржан Байбек.

Бүгін бұған қоса, осы күзгі мерзімде қоғамдық орындар мен тұрғын үйлердің аулаларына жеке демеушілердің күшімен 100-ден астам балалар және спорт алаңқайлары жасалатын болады. Бұл жұмыс алдағы жылдың көктем айларынан бастап қайта жалғасын табады. Жалпы, жоспар бойынша қалада тағы осындай 350 алаңқай жасау көзделген.

«Мен бүгін кәсіпкерлерімізге ризашылығымды білдірдім. Олар Президентіміздің саясатын қолдайды. Біздің мақсатымыз - спортпен айналысытан қала тұрғындарының санын кем дегенде 30 пайызға жеткізу. Бұл үшін кәсіпкерлер өз қаржыларына тұрғын үйлердің аулаларын ретке келтіріп, ол жерлерге балалар және спорт алаңқайларын салып жатыр. Бұл қуанарлық жағдай», - деді қала әкімі.

Сондай-ақ, сенбілік барысында қала басшысы «Ең үздік пәтер иелері кооперативтері» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бірінші орынға ие болған (Медеу ауданы) «Самал» кооперативіне Бауыржан Байбек жүк-жолаушылар автокөлігінің кілті мен арнайы дипломды табыстады. Әуезов ауданында орналасқан «Қуаныш мекені» кооперативі мен Жетісу ауданында орналасқан «Розовая» кооперативтері сәйкесінше екінші және үшінші орындарға ие болды. Оларға қар тазалауға арналған қол роторы мен теледидар табыс етілді.

Бұдан өзге, бүгін қалада қоршаулар мен турникеттерді, орындықтарды, қоқыс тастайтын жәшіктерді және жарнамалық тақталарды бояу жұмыстары да жүргізілді.

Айта кетелік, Алматыда үстіміздегі жылдың 26 қыркүйегінен бастап, енді күз және көктем мезгілдерінде апта сайын жалпы қалалық сенбілік өткізіліп тұратын болады.