Алматыда Қалдыбек Құрманәлінің ән кеші өтті
18:19, 01 Маусым 2009
АЛМАТЫ. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлінің ән кеші өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Онда композитордың «Көңілімнің қалауы», «Ұмытпа мені , аяулым», «Сағыныш әні», «Ағаларым -ай», «Соңғы үміт», «Сырдария жағалауы», «Ән-арман», «Кірмеші жиі түсіме», «Қиялдағы қалқа» сияқты 20-дан астам туындысы орындалды. Оларды Айгүл Иманбаева, Гүлмира Ақүрпекова, «Жігіттер» квартеті, Жеңіс Ысқақова, «Каспий» тобы, Мақпал Жүнісова, Саят Медеуов, Сембек Жұмағалиев, Сәкен Қалымов, Тамара Асар, Тоқтар мен Бейбіт, Шәкизада және басқа да әншілер, «Беймарал» театры әртістері орындап шықты. «Қазір көптеген жас әншілер түрлі мәдени шараларда ән орындаған кезде шығарманың авторын айтуды үрдіске айналдыра алмай жүр. Бұл істе олар Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова сияқты алдыңғы буын өкілдерін үлгі алса артық болмас еді», дейді сазгер Қ. Құрманәлі. Қазір ол өзінің ән кешін бір жыл Астанада, ал екінші жылы Алматыда өткізуді дәстүрге айналдыра бастады.