Алматыда қалта ұрлығы 4 есе азайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл басынан бері ұрлық саны азайып келеді. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомствоның дерегінше, Алматы полициясының қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындауға, сондай-ақ, барлық саладағы қызметті жақсартуға бағытталып отыр. Жалпы, қаладағы қылмыстық ахуал тұрақты және бақылауда. Қылмысты ашу бойынша жұмыстың тиімділігі артқан.

«Қалалық полиция департаментінің дерегі бойынша биылғы алты айда қалта ұрлығы 3,8 есеге, пәтер ұрлығы 44%-ға, автокөлік салонынан бөтеннің мүлкін ұрлау 47%-ға азайған. Сондай-ақ, жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс (-14,5%), отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар (-14,3%), бұрын сотталғандардың заңсыз әрекеттері де (-47,8%) төмендеген», - делінеді Алматы полициясы таратқан хабарламада.

Еске салайық, Алматыда өзін полиция қызметкерімін деп таныстыратын алаяқтардың көбейгені туралы хабарлаған болатынбыз.