Алматыда Камал Смайыловты еске алу кеші өтеді

None
АЛМАТЫ. 24 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Камал Смайыловтың 80 жылдығына арналған еске алу кеші өтеді.

Камал Сейітжанұлы 1932 жылы 24 сәуірде Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Сарлық ауылында өмірге келіп, 2003 жылы 25 маусымда Алматыда көз жұмды.

Көрнекті жазушы-публицист, мемлекет қайраткері, кинотанушы, өнертану ғылымының кандидаты, профессор К. Смайылов өзінің еңбек жолын 1954 жылы «Лениншіл жас» газетінде бастады. Одан кейін  1960-62 жылдары «Білім және еңбек» журналының алғашқы редакторы.  1971-73 жылдары Қазақстан комсомолы орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы. 1977-80 жылдары Министрлер кеңесі мәдениет бөлімінің меңгерушісі. 1998-93 жылдары «Парасат», «Қазақстан коммунисі» ("Ақиқат") журналдарының бас редакторы. 1993-96 жылдары Қазақстан журналистер одағы басқармасының төрағасы сияқты жауапты қызметтерді атқарды. 9-11-шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, 12-шақырылған Қазақстан Республикасының халық депутаты болып сайланды.

Оның қаламынан 15 публицистік-танымдық кітап пен өзекті мәселелерді көтерген 350-ден астам көркем очерктер, мақалалар және  3 томдық шығармалар жинағы шықты. Ерен еңбегі үшін 1984 жылы С. Сейфуллин атындағы әдебиет сыйлығын, 2003 жылы  "Алтын Адам - жыл адамы" фестивалі байқауының "Қазақстанның  2003 жылғы патриоты" сыйлығын иеленді. Сондай-ақ 1971, 1976 жылдары екі рет  "Құрмет белгісі" орденімен және әр жылдары түрлі  медальдармен және құрмет грамоталарымен марапатталды.