Бұл ақпаратты Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі таратып отыр.
Ведомствоның атап өтуінше, Анастасия мен Гүлнар есімді жетім қыздар оңтүстік астанаға ақша табу мақсатымен келіп, жеңгетайлардың қолына түсіп қалады. Қыздар бір-бірімен таныс болмағанымен, өте ұқсас жағдайға тап болған.
«Тараз қаласының азаматшасы Анастасияны жеңгетайлықпен айналысатын екі әйел Сейфуллин даңғылында орналасқан жалдамалы пәтерде алты ай бойы күштеп ұстаған. Клиенттерді тап сол жерге әкеліп, қыздың бейтаныс біреулермен сөйлесуіне, далаға шығуына тыйым салған. Бір күні сәті түсіп, құрсаудан қашып шыққан жасөспірім жақын маңда орналасқан тірек пунктіне жүгіріп жетіп, өзіне қатысты жасалған заңсыз әрекеттерге шағымданады. Сол арада іске біздің бөлімшенің қызметкерлері араласып, бір сағаттан кейін екі күдіктіні де тұтқындады», - деді Алматы қалалық ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы адам саудасымен күрес бөлімінің бастығы Таңат Назанов.
Ал Гүлнар Алматыға Атыраудан келген. Аңқау қыз жалақысы жақсы жұмыс тауып берем деген Айсұлу есімді әйелдің «адамгершілігіне» сенім артып, арбаудың құрбанына айналады. Нәтижесінде Гүлнар екі ай бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болған. «Бұл қыз да сексуалдық құлдықтан сәтті босап шықты, ал оны мәжбүрлеген азаматша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта алдын ала тергеу барысында жәбірленушілердің аты-жөнін тексеріп, олардың Алматыға келу себептерін анықтайтын боламыз. Бізге белгілісі, Анастасия - Тараздағы балалар үйінің тәрбиеленушісі, ол одан өз қалауымен қашып кеткен. Ал жеңгетайлықпен айналысқан үш әйелге қарсы айып тағылды. Тергеу барысында тұтқындалғандарға қарсы адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, жеңгетайлық сынды басқа да бірқатар айыптаулар тағылуы мүмкін», - деді Т.Назанов.
12:33, 03 Тамыз 2011
Алматыда кәмелетке толмаған қыздардың жеңгетайлары тұтқындалды
АСТАНА. 3 тамыз. ҚазАқпарат - Алматы полициясы он алты жасар қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген үш жеңгетайға қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғады.