Алматыда қамқоршы отбасыларға құрмет көрсетілді

АЛМАТЫ. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы Оқушылар сарайында «Қамқоршы күніне» арналған мерекелік шара өтті.

Республикалық «Балаларға жылылық сыйла» акциясының аясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі шараны Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамашылығымен «Қазақстан қамқоршыларының одағы» ҚҚ, «Шығармашылық бастамашы әйелдер лигасы» ҚБ және «Баланың үні» қоғамдық қорымен бірлесе ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты жетім балаларды қамқорлығына алған абзал жандарды марапаттауға бағытталған.

Қазақстанда 25 мыңнан астам жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар қамқоршылық жанұяларында тәрбиеленуде. Салыстырмалы мәлімет бойынша, балалар үйлеріндегі жетімдер саны 15 мыңнан астам, ал патронаттық тәрбиедегі бұл көрсеткіш 2 мыңнан асады. Қамқоршылық жанұялары көп жылдар бойы қажетті қолдау таппай, лайықты назарға ілінбеді.

«Қамқоршы күні» мейрамын өткізу қамқоршылық жанұялар мен осы жанұяларда тәрбиеленуші жетім балалар үшін ел тарихындағы алғашқы қайырымдылық шара болып табылады. Бастаманы Астана, Алматы, Петропавл, Ақтөбе, Теміртау қалаларының жұртшылығы қолдады және аталған қалаларда осы шараны бір күнде өткізуге бірлескен шешім қабылданды», деді Балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Сұлушаш Қуатжанова.

ҚР Парламент депутаттары, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен және ҮЕҰ қолдауымен осы мәселелерге қатысты түпкілікті әлеуметтік маңызы бар өзгерістерге қол жеткізілді. Соның негізінде, 2011 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап өз жанұяларында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиесіне алған барлық қамқоршылар мен қорғаншыларға балаларды асырауға 10 АЕК мөлшерінде жәрдемақы төлену жоспарлануда.

Шара барысында 250 қамқоршы отбасы мен 470 жетім балаға сыйлықтар табысталды. Кештің басты кейіпкерлеріне құрмет көрсетіліп, балалар ұжымдарының концерттері ұйымдастырылды. Сонымен бірге, Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің шәкірттері өнер көрсетті.