Алматыда қамқоршылық кеңесі отырысында жалғыз басты аналарға қолдау көрсету қарастырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров «Үміт үйінде» қалалық қамқоршылық кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында қиын жағдайдағы жалғыз басты аналар мен әкелерге көмек көрсету мүмкіндіктері қарастырылды. Тиісті басқармалар мен аудан әкімдіктеріне жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, оның ішінде мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында, сондай-ақ медициналық және білім беру қызметтерімен қамту бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Бүгінде Үміт үйінде жаңа туған сәбилерден бастап, 7 жасқа дейінгі балалар уақытша тәрбиеленіп жатыр. Мекеме жұмыс істегелі мұнда 604 тәрбиеленуші оқытылды. Олардың мектепке дейінгі білім және тәрбие алуына физикалық, психологиялық және адамгершілік-рухани дамуын ескере отырып жағдай жасалған.