Онда отандық боксшымыз Қанат Ислам шаршы алаңда ганалық Патрик Аллотеймен кездесіп, WBA (Interim) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін күш сынасатын болады.
Бірінші орта салмақта «WBA Fedelatin» атағына ие Қанат Ислам осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 18-ін нокаутпен ұтқан.
Патрик Аллотей осыған дейін кәсіпқой шаршы алаңда 36 жекпе-жек өткізген. Оның 34-інде қарсыластарынан басым түскен. Оның 24-де қарсыластарын нокаутпен ұтса, 2 жекпе-жегінде ғана қарсыластарына есе жіберген. Cоңғы рет 24 маусым күні шаршы алаңға шығып, отандасы Сани Идананы жеңген. Жекпе-жектерінің барлығын дерлік Ганада өткізген. Үш кездесуі ғана өзге елде өткен. Кәсіпқой бокста «Улы жебе» деген лақап атқа ие.
Осы кеште сондай-ақ, өзінің кәсіби бокстағы алғашқы кездесуін әлем чемпионы, Риодағы Олимпиада ойындарының қатысушысы Жәнібек Әлімханұлы да өткізеді. Мұнымен қатар, ел намысын Жанқош Тұраров, Руслан Мырсатаев, Әли Ахметов, Айдар Шәрібаев, Жұман Жұмабеков қорғайтын болатын.
Айта кетейік, кеше, 28 қазан күні Алматыда салмақ өлшеу рәсімі өтіп, қазақстандық боксшыларымыздың қарсыластары белгілі болды.
Атап айтқанда, Жәнібек Әлімханұлы АҚШ спортшысы Милтон Нунезбен қолғап түйістіреді. 79 келі салмақта олар 6 раунд бокстасады.
66 келі салмақ дәрежесіндегі Жанқош Тұраров ганалық Азек Ариимен 10 раунд күш сынасады.
Салмақ өлшеу рәсімінде 99 келіні көрсеткен отандасымыз Руслан Мырсатаев ганалық Нуху Азумимен (103 келі) қолғап түйістіреді. Оларға 10 раунд беріліп отыр.
78 келі салмақ дәрежесіндегі Әли Ахметов әзербайжандық Әли Маммедовпен (77 келі) 6 раундқа жекпе-жекке шығады.
Салмағы 60 келі Айдар Шәрібаев испаниялық Хуан Венено Окуромен (59 келі) 6 раунд бойы жұдырықтасса, 63 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Жұман Жұмабеков Беларусь боксшысы Владимир Ивановпен (63 келі) 4 раунда күш сынасады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, аталмыш кешке билеттер құны 1 мыңнан 10 мың теңге аралығында болды.
Сағат 18:00-де басталған доданы «Қазақстан» ұлттық арнасы тікелей эфирден көрсетуде.