Алматыда қандай нысандар мен кәсіпорындардың жұмыс істеуіне тыйым салынған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаулысына сәйкес, бірқатар нысандар мен кәсіпорындарға жұмыс істеуге рұқсат берілген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы қаласында карантин шараларының режимі мен мерзімі COVID-19 инфекциясының таралуы бойынша қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға сәйкес өзгертілуі мүмкін» делінген Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаулысында.

Шешімге сәйкес, Алматы әкімдігі мен қаланың аудандары, полиция департаменті, кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасы және «Атамекен» ҰКП осы тыйымның сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.

Атап айтсақ, діни орындар, сауда және ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, интернет және компьютер клубтары, ойын орындары, отбасылық демалатын орталықтар мен халық көп жиналатын басқа да объектілер жұмыс істемейді.

Одан бөлек:

- автобус бекеттері, теміржол вокзалы, облыс, қала, елді мекендер арасында жолаушы тасымалдайтын автостансалар;

- білім беру орталықтары, арт-клубтар, балаларға арналған ойын орталықтары;

- мектепке дейінгі мекемелер, ойын-сауық орталықтары (букмерлік кеңселер, бильярд, караоке, ps-клуб, квест, антикафе, боулинг-орталықтары)

- фитнес, йога, бассейн, тир және басқалар.

- туристік нысандар мен халыққа қызмет көрсету саласындағы нысандар (қонақ үйлер, демалыс үйлері, туристік орталықтар және басқалар);

- ауданы 500 шаршы метрден асатын азық-түлік сатпайтын дүкендер, сауда орталықтары.

Еске салайық, бұл шектеулер эпидемилогиялық жағдайға байланысты өзгеруі мүмікін.