Алматыда қаңтар айында 224 нысан карантин шараларын бұзған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мегаполисте қала әкімінің тапсырмасына сәйкес мониторингілік топтардың жұмысы күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаңтар айында мониторинг топтары 3061 нысанды тексерді. Нәтижиесінде 224 мекеменің карантин шараларын бұзғаны анықталды.

ҚР ӘқбК-нің 425-бабына сәйкес шаралар сақтамағаны үшін 171 хаттама толтырылды. Оның ішінде заңды тұлғаларға 14 643 340 теңгеге 44 хаттама және жеке тұлғаларға бетперде тағу режимін бұзғаны үшін 5 600 640 теңгеге 127 хаттама жасалды.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына заңды тұлғаларға қатысты 462 баптың 1 тармағына сәйкес «тексеруге кедергі келтіргені» және 462 баптың 3 тармағына сәйкес «кемшілікті жою туралы нұсқаулықты орындамағаны» туралы 20 материал берілді.

Олар мыналар:

- Алатау ауданы бойынша 3 материал («Жақсылық» кафесі, «Шашлык орталығы» кафесі, «Шамо» ЖШС бильярд клубы);

- Алмалы ауданы бойынша 4 материал («Финик» мейрамханасы, «Fizika» түнгі клубы, «Boohouse» кафесі, «Пират» кафесі);

- Әуезов ауданы бойынша 1 материал («Рыба моей мечты» караоке-бары);

- Бостандық ауданы бойынша 1 материал («Sunset» мейрамханасы «Мастер Фуд Казахстан» ЖШС);

- Жетісу ауданы бойынша 1 материал (Ниязов Ж.А. компьютерлік клуб - 5 АЕК айыппұл салынып, жұмысы 3 айға тоқтатылды);

- Медеу ауданы бойынша 5 материал («Виктория» бинго-клубы, «Orda game center» ЖШС компьютерлік клубы, «Манана» мейрамханасы, «Пугасов» мейрамханасы, «Бармаглот» бары);

- Наурызбай ауданы бойынша 2 материал («Премьера» кафесі - 100 АЕК айыппұл салынып, жұмысы 1 айға тоқтатылды), «Таужолы» кафесі - 100 АЕК айыппұл салынып, жұмысы 1 айға тоқтатылды);

-Түрксіб ауданы бойынша 3 материал («Қазақстан таэквон-до федерациясы» қоғамдық бірлестігі, «БекАр» ойын клубы, «Erbil» мейрамханалық-қонақ үй кешені).

Сот арқылы жабылған карантиндік тәртіпті жиі бұзатындар түрлі айла-тәсілдерді қолданып, жұмыстарын жалғастыруға тырысуда. Атап айтқанда, бейіндердің, ЖК-дің, ЖШС мейрамханалары мен түнгі клубтардың атауларын өзгертуде.

Мұндай тәсілдерге «НЕБО», «БЛА-БЛА»мейрамханалары қолдады. Олар мекемелерін басқа адамдардың аттарына аударып, қайта тіркелгеннен кейін жұмыстарын жалғастыруда. Соның салдарынан карантин режимін бұзған нысандарға су мен электр қуатын беруді тоқтату бойынша шаралар қабылданатын болады.