Алматыда қарақшылық шабуыл жасап келген қылмыстық топ құрықталды

АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Криминалдық полиция қызметкерлері Алматы қаласында бірқатар қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топты қолға түсірді.

Бұл туралы бүгін Астанада ІІМ апталық брифингісінде Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Наурыз, мамыр айларында Алматының Бостандық және Әуезов аудандарында коммерциялық кәсіпорындарға қарақшылық шабуыл жасау фактілері көбейіп кеткен болатын. Мәселен, наурыздың 13-і күні бетперде киген үш адам «Нұр династиясы» ЖШС-нің кеңсесіне кіріп, күзетшіні ұрып-соғып, кеңседегі компьютерлік техника мен ірі көлемдегі ақша салынған сейфті алып кетеді. Мамырдың 12-сі күні аталмыш компанияның жүргізуші-экспедиторына үш адам қарақшылық шабуыл жасап, одан 500 мың теңге мен екі ұялы телефон тартып алады. Бұның алдында белгісіз үш адам «Тастақ-1» шағынауданында «Алтын-Тау» ЖШС-нің жүргізуші-экспедиторына дәл осындай шабуыл жасап, одан 516 мың теңге мен көлігін алып кеткен болатын.Жасалған қылмыстардың сипаты оларды бір адамның жасағандығын көрсетті. Соған орай жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу барысында қарақшылық шабуылдарды ұйымдастыруға «Нұр династиясы» ЖШС-нің бұрынғы менеджерінің қатысы бар екендігі анықталды. Мамырдың 20-сы күні Жамбыл, Алматы облыстарының тұрғындарынан және бұрын сотталған Тәжікстан азаматынан құралған қылмыстық топтың 5 мүшесі тұтқындалып, қамауға алынды. Оларға Жамбыл облысында адам тонағандары үшін іздеу жарияланған болатын.