Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік талаптарын жүйелі түрде бұзғаны және осы бағыттағы ескертулерді елемеуіне байланысты «Артист» («Bm Trade Company» ЖШС) барының жұмысы тоқтатылды.
Мониторинг топтары жүргізетін тексеру іс-шараларының нәтижесінде жұмыс кестесін сақтамау және адамдардың жаппай жиналуына жол беру сияқты заңбұзушылықтар анықталды. «Артист» барында 300-ден 500-ге дейін адам болған.
Соңғы деректер бойынша, Алматы қаласында коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың 18 мыңнан астам жағдайы тіркелген, оның 389-ы өліммен аяқталған.
8 қазан мен 28 желтоқсан аралығында заңды және жеке тұлғаларға жалпы сомасы 79,2 млн теңгеге ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша шектеу іс-шараларын сақтамағаны үшін 981 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды, 16 материал сотқа берілді.
Еске салайық, биылғы жылдың 25 желтоқсаннан 2021 жылдың 5 қаңтарына дейін күшейтілген шектеу шаралары жұмыс істейді. Осы кезеңде жаппай жұқтыруға ықпал ететін ойын-сауық, спорттық және басқа да іс-шараларды, соның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге тыйым салынған.
Алматы әкімдігі қала тұрғындарын коронавирус инфекциясы бойынша тұрақты жағдайды сақтау мақсатында мереке алдындағы және мереке күндері санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауға шақырады.