АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда жыл басынан бері карантин тәртібін бұзған 3018 адамға 202 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері мониторинг тобы 13 500-ден астам нысанды тексерді. Нәтижиесінде 1573 тәртіпбұзушылық анықталды. Карантин тәртібін бұзғандарға қатысты 3018 хаттама толтырылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 202 млн теңге.
Карантин режимін өрескел бұзушылар бойынша мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарға 63 материал жіберілді. Сот шешімімен 39 объектінің қызметі тоқтатылған.
Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары мониторинг тобы демалыссыз және мереке күндері де жұмыс істейтінін атап өтті.
Алма Мұқанова
Алма Мұқанова Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының «Кино және Телевизия» факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, республикалық телеарналарда түрлі қызметтер атқарған. 2019 жылдан бері - ҚазАқпарат агенттігінің тілшісі. ҚР Журналистер одағының мүшесі.