Алматыда карантин талабын бұзған 20 мекеме анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының мониторинг тобы екі күнде карантин талаптарын бұзудың 20 жағдайын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мониторинг тобының мәліметінше, 28 маусымнан бастап Алматыда шектеу талабы күшейтілді. Кафе мен мейрамханалардың жұмыс тәртібі өзгерді. Бұл талап «дельта» коронавирус штамының жедел таралуына байланысты қабылданды.

Алайда, жұқтырғандар санының артуы қала тұрғындарын алаңдатар емес, олар көңіл көтеруді жалғастыруда.

Мониторинг топтары тамақтану, дүкендер, компьютерлік клубтар, моншалар мен басқа мекемелердің иелеріне санитарлық талаптарды сақтау керектігін ескертті. Жаңа шектеулер үнемі еске салынса да кәсіпкерлер оларды елемеуде.

28 нен 29 маусымға қараған түні Алматыда белгіленген шектеу тәртібін бұзудың 5 жағдайы анықталды. Мысалы, Әуезов ауданының мобильді тобы «Інжу» банкет залында 60 қонақтың қатысуымен шара өткізілгенін анықтады.

Бұрынғы және қолданыстағы қаулыларға сәйкес, Алматыда той өткізуге тыйым салынған, сондықтан қонақтарды үйлеріне жіберуге тура келді. Банкет халының иесіне қатысты материал кейіннен Әуезов ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына берілді.

Сол түні Бостандық ауданының аумағында да тексерушілер жұмыс істеп тұрған «Strong» компьютерлік клубын анықтады. Қаулыға сәйкес олардың жұмысына тыйым салынады. Алайда клуб әкімшілігі 80-ге жуық келушіні анықтады.

28 маусымға қараған түні Алмалы ауданындағы «Фризман» барында 60-қа жуық адам болған. Сондай-ақ, Әуезов ауданында «Дома» компьютерлік клубының жұмысы тоқтатылды. Онда 40 адам компьютерлік ойындарды ойнап отырған.

Карантин талаптарының ең көп бұзылуы 26 мен 27 маусымға қараған түні анықталды. Тексерушілер санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталмаған 12 мекемені анықтады.

Бұл тізімде «Алмалы» кафесі бар. Тексеру кезінде онда 120 келуші болған. Сондай-ақ, «Абырой» кафесінде 110 адам болғаны анықталды. Екі мекеме де Әуезов ауданында орналасқан. Иелеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Еске салайық, мегаполисте эпидемиологиялық жағдай күрделі. Алматы коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «қызыл» аймақта. Жағдай «Дельта» штамының жаңа айналымына байланысты қалыптасты.

Ол жоғары патогенділікпен және тез таралуымен сипатталады. Қала тұрғындары санитарлық талаптарды сақтаулары, бетперде тағулары, адам көп жиналатын орындарға бармауы керек.