Алматыда кардиолог мамандар 283 адамды тегін қарап шықты

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда 283 адам кардиологтардың тегін кеңесін алып, диагностикалық аппарат арқылы тегін тексерілуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрғындарға қалалық Кардиологиялық орталық 1-наурыз Алғыс айту күніне, «Нұр Отан» партиясының құрылған күніне, ҚХА құрылу күніне орай ауқымды ашық есік күндерін өткізді.
Бүгін 283-ке жуық адам білікті мамандардың кеңесін тыңдап, түрлі зертхана талдауларын алып шықты. 67 адам қан құрамындағы қант көрсеткішін білді.

 

283 адам - электрокардиограмма, 153 адам - эхокардиограмма аппаратынан тексерілсе, жағдайының нашарлап жүргенін сезбеген 4 науқас анықталып, олар ауруханаға шұғыл жатқызылды. «Дәрігерлердің өмірінің өзі күнде алғыс. Жақсы емдесе адамдар алғыс айтып жатады. Бүгінде әр адам ата-анасына, достарына, жолдастарына, ұжымына үлкен алғыс айтуы керек. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістігіміз бар. Қазір орталықта өте күрделі ота түрлері жасалады. Медицинамыздың қарыштап дамып келе жатқаны үшін Елбасы мен Үкіметке көп алғыс айтамыз. Қиын жұмысты күндіз түн демей, жауапкершілікпен атқарып жүрген өзіміздің қызметкерлерге алғыс білдіреміз. Оның ішінде тек дәрігер емес, еден жуушы, санитар, науқас қасында жүрген медбике, күзетші, аула сыпырушыларға да алғысымыз шексіз», - деді орталықтың директоры Алмат Қодасбаев.
Сонымен қатар, бүгін орталықтың 15 қызметкері «Нұр Отан» партиясы қатарына алынып, салтанатты түрде оларға партия билеті тапсырылды.


  

Орталық ұжымы медицина саласында 50 жылдан астам еңбек еткен зейнет жасындағы 4 қызметкерге де құрмет көрсетіп, зейнет демалысына шығарып салды. «Алғыс айту күні - бұл, ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл - тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударылған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі. Алғыс айту күні - қазақстандық патриотизмнің, достығымыз бен бірлігіміздің, мәдени сан алуандығымыздың жарасқан күні, себебі, Елбасы 130-дан аса этностың әрқайсысы өзінің қайталанбас өрнегін салуының нәтижесінде біздің Біртұтас ұлтымыз бірегей артықшылықтар иесіне айналғанын атап өткен болатын», - деді ұйымдастыру-әдістемелік бөлімнің дәрігері Есбол Төлеу.


 

Орталық қызметкерлері ұйымдастырған іс-шара жоғары деңгейде өтті. Келгендердің ішінде көңілі толмаған адам болған жоқ. Сонымен қатар, қызметкерлер атына Алғыс хаттар түсті. 

  

Айта кету керек, аталған орталықта жылына 5 500 түрлі күрделілігі сан алуан ота жасалады.

Соңғы жаңалықтар