Алматыда Қарғалы өзенінің арнасын жаңғырту басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек Қарғалы өзенінің арнасын нығайту жұмыстарының барысымен танысты.

Жандосов көшесінен плотинаға дейінгі жаңғыртуға жататын ұзындығы 7,7 шақырымдық учаскеде темір-бетон құрастырмаларын құю басталды.

«Жаңғырту жобасын жасауда халықаралық озық тәжірибе ескерілді. Қазіргі кезде арна кеңейтіліп, тереңдетілді, 75 000 шаршы метр балшық массасының 35 000 шаршы метрі тасылып әкетілді, 7 көпір бөлшектелді», деп хабарлады Наурызбай ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.

Мердігер-компания қазірдің өзінде негізгі жұмыстарға кірісті, оған 72 маман және 29 бірлік техника жұмылдырылды, бетон құю жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 «Жобаға сәйкес плотина арқылы су екі шлюзбен өтеді де екі арнаға бөлінеді және төменге қарай қайтадан бір арнаға бірігеді. Арнаның өзіне 30 сантиметрлік темір-бетон қабырға тұрғызылды, сондай-ақ су тасқынын тежейтін сарқырамалық су құламасы көзделген. Сондай-ақ өзеннің аңғарын, түбін тазарту үшін арнайы техника жүретін техникалық жол қарастырылған», - деді «ACD Group» ЖШС компаниясының басқарушысы Сейтқали Дүйсебаев.

Сонымен қатар оның айтуынша, мердігер-компания өзен жағалауын абаттандыру жұмыстарын да жүргізеді.

Өз кезегінде мегаполис басшысы жауапты адамдардың жұмыс сапасына және жобаны дер кезінде тапсыруына баса көңіл бөлді.