Алматыда «Қарлығаш» - кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы темекі шегуге қарсы» жобасы іске асуда

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының бастамасымен «Қарлығаш» - кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы темекі шегуге қарсы» жобасы іске асырылуда. Бұл жайында бүгін арнайы өткен баспасөз мәслихатында айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы бес жыл бойы аталмыш жобаны іске асырумен айналысып келеді. Жоба Астана, Ақтау, Орал, Павлодар, Шымкент және Алматы облысының Іле ауданында іске асса, 1-ші тамыздан бастап Алматы қаласында жүзеге асуда.

«Жобаның мақсаты - бөлшек сауда қызметкерлерін ақпараттандыру арқылы кәмелетке толмаған жасөспірімдерге темекі сатуға тосқауыл қою, жасы он сегізге толмағандарға темекі сатуға тыйым салу, сонымен қатар жобаның идеясын қолдайтын әйелдер арасынан ерікті топтар құру болып табылады», дейді Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының басшысы Раушан Сәрсембаева.

Р. Сәрсембаеваның айтуынша, еріктілер кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатуға тыйым салынғандығы туралы бөлшек сауда өкілдерін ақпараттандырады. «Өткен айда жоба қызметкерлерімен елеулі істер атқарылды. Бүгінгі күні Алматы қаласы бойынша бұл шарамен 150 сауда нүктелері және 10 ірі тораптық гипермаркеттер, сонымен қатар 170 көлік бағыттары қамтылды», дейді қауымдастық басшысы.

Жоба аясында шағын дүкендер мен ірі супермаркеттердің сатушылары мен менеджерлері «темекі өнімдерін кәмелетке толмаған тұлғаға сатудан қалай дұрыс бас тартуға болады» тақырыбында оқулар өткізген. Сондай-ақ 2010 жылдың 27-ші тамызында Алматы қаласының Бостандық ауданында қаланың ІІД-ті инспекторларының қатысуымен және «Хабар» телеарнасының ақпараттық қолдауымен рейд өткізген.