Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Алматыда Қаламбаев көшесіндегі үйлердің бірінің жанында екі мылтық пен патрон салатын қалта көмілген болып шықты.
«Алматыда ағымдағы жылдың қаңтар айының 5-нен 6-на қараған түні қару-жарақ дүкенінен қару ұрлаған азамат ұсталды. Ол 1994 жылы туған С. есімді азамат болып шықты. Ол криминалдық полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру іс-шаралары барысында қолға түсті. Айғақ зат ретінде тұрғын үй маңына көмілген қару-жарақ пен оқ-дәрі тәркіленді. Атап айтқанда, «Remington» мылтығы, «Benelli» тегіс ұңғылы мылтығы, екі патрон салатын қалта мен сегіз патрон тәркіленді. Күдікті кінәсін мойындап, қылмысты қалай жасағанын айтып берді. Қылмыстық іс тергелуде», - деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Есен Ысқақов.
Еске салайық, бұған дейін ІІМ өкілі қаңтар қырғынында ұрланған 1 386 қару-жарақтың табылғанын хабарлаған болатын.