Алматыда кәсіби фотографтың студиясын тонап кетті

АЛМАТЫ. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда кәсіби фотографтың студиясын тонап кетті, деп хабарлайды қалалық ІІД.

Тергеу қорытындысына сәйкес анықталғаны, өткен түні «қылмыскер» студияның терезесін шағып, қымбат бағалы фотоаппарат пен оның пленкасын ұрлап кеткен. «Таңертең жұмысқа келген фотограф жоғалғанды байқап, полицияға хабарласқан. Бірден нысан күзетшісі сұралып, айнала бақылауға алынды. Нәтижесінде студия маңынан күдікті қолға түсті. Оның бойынан жоғалған заттар табылды»,- дейді Медеу аудандық ІІБ-ның бастығы Бақыт Қасабеков. Тексеру кезінде ұсталған азамат таңғы алты шамасында ұрлайтын зат іздеп көшеге шыққанын айтқан. Ұрлық жолмен келген табысты кафеде досының туған күнін атап өтуді жалғастыруға жұмсамақ болған.

«Ұсталған азамат 31 жаста. Алматыға жаз кезінде табыс табу үшін келген. Қазір айғақ заттар алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалды»,- дейді Б.Қасабеков.