Бет-бейнелерін жасырған бірнеше адам әйелдің үйіне таңсәріде шабуылдап, үй иесінің қол-аяғын матап қалдырған еді.
«Полицияға әйел бірнеше сағаттардан соң шағым түсірген. Сондықтан қылмыстың ізін суытпай ашу мүмкін болмады. Алайда қылмыс орнынан қылмыстың ашылуына мұрындық болған айғақ заттар табылды. Жарты жылдан соң аталған қылмысқа қатысты шығысқазақстандық 29 жастағы О. есімді азамат қолға түсті. Оның бұрын да бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотты болғаны мәлім болды», - деді Алматы қаласы ІІД Криминалды полиция басқармасының қарулы шабуылдарды ашу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Азамат Палманов.
Аталған қылмысқа қатысы бар делінген тағы екі қылмыскер өткен жексенбіде тұтқындалды. Олар жарты жыл бұрын қолға түскен О-ның жерлестері болып шықты.
«Ұрланған ақшаларды жаратып үлгергенімен, олар заң тегеурінінен қашып құтылмайды. Бұрын сотталмаған олардың ең жасы 25-те болса, үлкені 30 жаста. Олар қарулы шабуыл кезінде бетперде кисе де жәбірленуші жазбай таныды. Жәбірленуші өзінің есте сақтау қабілетінің арқасында қарақшыларды дауыстары арқылы есіне түсірді», - деді А. Палманов.
Оның айтуынша, қарақшы топ мүшелері бұл қылмысқа әлдекімнің ақпараты арқылы барғандарын жасырмаған. А. Палманов енді ақпарат берушілердің іздестіріліп жатқанын мәлім етті.