Алматыда кәсіпкерлерден ақша бопсалаған экологиялық инспекция «қызметкері» ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда экологиялық инспекцияда іс-тәжірибеден өтіп жүрген азамат кәсіпкерлерден ақша бопсалап келген. Бұл туралы қалалық Экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметінен хабарлайды.

Ағымдағы жылдың 8-қаңтар күні қалалық қаржы полициясына пластикалық есіктер шығарумен айналысатын кәсіпкерден шағым түскен. Ол Медеу аудандық экологиялық инспекциясының қызметкерлері тарапынан қысым көріп келгендігін баяндаған. Оның айтуынша, құзырлы орган қызметкерлері кәсіпкерге жұмысын жүргізіп беруге ықпал еткені үшін одан ай сайын 100 мың теңге көлемінде қаржы талап еткен.

Қаржы полициясының қызметкерлері аталған дерек бойынша күдіктінің соңына түсіп, оны 100 мың теңге көлемінде пара алу сәтінде қолға түсірді.

Тергеу барысында анықталғандай, Ж.Кенжеалиев есімді азамат Медеу аудандық экологиялық инспекциясында сынақтан өтіп жүрген стажер болып шықты.

Қазіргі таңда Алматы қалалық Қаржы полициясы департаментінің тергеу басқармасымен күдіктіге қатысты алаяқтық жасады деген айып тағылып, ҚР ҚК 177-бабының 1-тармағы және 28-бабының 4 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.