Алматыда кәсіпкерлерді санитарлық тексеру талаптары азайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда SmArt Point базасындағы «Open Almaty» қоғамдық қабылдауында Алматы қалалық Қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің өкілдері кәсіпкерлермен кездесу өткізді.

Жиын барысында оңтайландырылған санитарлық тексеру шарттары туралы айтылды.

Отырысқа 200 жуық кәсіпкер келді.

Департамент басшысы Айзат Молдақасымованың айтуынша, биыл ҚР ДСМ бизнесті тексерудің санитарлық нормалары мен ережелері қысқартқан. 

«Министрлік санитарлық нормаларды қарап шықты. Соның нәтижесінде 6 ереже оңтайландырылды, 29 ереже алынып тасталды. Бірнеше сілтеме жазылған тексеру парағы алынып тасталып, орнына 41 тексеру парағы енгізілді. Бұрын тексеру парағында 11 мың талап болса, енді 1740 талап қалды. Менің ойымша, бұл сандардың өзі бизнес үшін әкімшілік кедергіні алуда көп септігін тигізері анық», - деді Айзат Молдақасымова.

Алайда департамент басшысы кәсіпкерлер тарапынан заң бұзушылық саны әлі де азаймай отырғанын айтты.

«Былтыр қалада 1 дәмханада 29 адам сальмонелез жұқтырып, уланған болатын. Сот арқылы дәмхананың жұмысы тоқтатылды. Алайда, қазір нысан басқа заңды тұлғаның атына тіркеліп, қайтадан жұмыс істеп тұр. Бұрын 50 адам отыратын болса, қазір 200 адамға дейін кеңейтіп алды. Биыл да 6 адам бір дәмханадан уланды. Іс сотқа берілді, сот шешімі шықты. Бірақ сот орындаушылары белсенділік танытпай отыр. Сондықтан, сіздер қызмет ұсынушылар ретінде мемлекеттің беріп жатқан жеңілдіктеріне  әлеуметтік жауапкершілік танытқандарыңыз жөн», - деді ол.

Оның айтуынша, биыл екінші жартыжылдықта 206 сұлулық салоны, 141 емдеу профилактикалық мекемесі, 5 базар, 3 зертхана, 154 сауда нысаны тексеруден босатылды. 26 нысанның жұмысы сот арқылы тоқтатылды.

Жиын барысында қалалық Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті мен Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының денсаулық сақтау секторы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.