Алматыда кәсіпқой бокстан халықаралық турнир өтеді

АЛМАТЫ. Қарашаның 19-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Алматыда қарашаның 28-і күні Марат Мәзімбаевтың промоутерлік орталығы мен «Zhersu», «Sat & Co»  корпорацияларының ұымдастыруымен кәсіпқой бокстан өтетін халықаралық турнирге тұңғыш рет Грузияның боксшылары қатысады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Марат Мәзімбаев айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Промоутердің айтуынша, шаршы алаңға 7 жұп шығады. 58,9 килә салмақ бойынша тараздық Ермек Отарбаев пен павлодарлық Фархат Оспанов, ал 72 килә салмақ бойынша талдықорғандық Марат Сәрсембаев өзбекстандық Елмурот Абдрахмановқа қарсы өнер көрсетеді. 90,7 килә бойынша тараздық Ермек Нысанов белоруссиялық Игорь Филоновпен, 53,6 килә салмақ бойынша алматылық Иса Ақпербаев украиналық Александр Яценкомен жұдырық түйістірмек. 53,5 килә салмақ бойынша өнер көрсететін тағы бір жұп петропавлдық Жанат Жақиянов  грузиялық Квича Папиашвилимен, 61 киләда аягөздік Берік  Қалиев тағы бір грузиялық Руруа Ушангимен сынға түседі.

Айта кетерлігі грузиялық кәсіпқой бокс өкілдері елімізге тұңғыш рет келмек. Бұған дейін хабарлағанымыздай жарыстың басты бәсекесі РАВА тұжырымы бойынша Азия чемпионы атағы үшін тартыс аягөздік Міржан Жақсылықовпен тайландтық Писадаенг Киасактханидің арасында өтеді. Бүгінгі баспасөз мәслихатына қатысқан Міржан Жақсылықов жарысқа дайындығын, жеңіс жалауын желбірету ойында екендігін айтты. Бұған дейін РАВА тұжырымы бойынша Қанат Кәртеңбаев Азия чемпионы атанған болатын. Марат Мәзімбаевтың айтуынша, келесі жылы Қанат чемпиондық атағын сақтап қалу үшін шаршы алаңға шығуы керек. РАВА тұжырымы бойынша Азия чемпионы атағына қол жеткізу боксшы рейтингінің жоғарылауына әсер етеді. Егер Азия чемпиондығынан кейін  4-5 рет жеңіске жетсе Әлем чемпионы атағына таласуға мүмкіндік туады.